Ал ақындар болса «Алтын тордың ішіндегі бұлбұл»

Сәуір 29, 2008 by abadan7

                                     

 Асқаров Қайрат Белгібайұлы – Қарағанды   қаласының   Бөкетов Евней Арыстанұлы атыңдағы Қарағанды  мемлекеттік   университетінің филология факультетінің аға оқытушысы, ақын, бірінші республикалық «Шабыт» фестивалінің, республикалық жыр мүшайраларының жүлдегері.           

-         Аға, ақындыққа қалай келдініз?

-         Ақындық қасиет менің қанымда бар. Бала кезімде нағашыларымыздың  ақыл–кеңестері, нақыл, көркем сөйлеулері және өз аталарымыздан дарыған ерекше қасиет бар деп ойлаймын. Бастауыш сыныпта оқып жүргенде  ұстазым Ләззат  Бәйішқызы  осы қасиетке бағыт–бағдар сілтеп берді. Осылай төртінші сынып оқып жүрген кезде  ақындар Дәулет Ырысбайұлы пен Қойлыбай Асанов   ағаларым «Балауса» үйірмесіне кіргізіп, содан Оңғарсынова Фариза апамыздан бата алып алғашқы өлеңдерімді сахна төрінен оқи бастадым.

-         Алғашқы өлеңдерініз қандай тақырыптарда жарық көрді?

-         Әр ақын алғашқы қадамын махаббаттан бастап, лириканы жалғастырып, азаматтық поэзиямен аяқтайды екен. Алғашқы өлеңдерімнің бірін оқып берейін:      

Қанатты періште

 Жанарды арбайтын сиқырлай,

Таң нұрлы бейкүнә пішіні?

Үстелім үстінде құйтымдай,

Қанатты періште мүсіні.

 

Ақуыз ажарлы албырап,

Басына раушаннан тәж киіп.

Ұйқыда жатыр ол балбырап,

Беймәлім сиқырлы сазға  ұйып.

 

Жалаңаш  балғын тән гүл өпкен,

Ернінде еркелеп елесі.

Жастығы алқызыл жүректен,

Қолында махаббат жебесі.

 

Ұйқыда жатыр ол балбырап,

Маңайы секілді сәнді бақ.

Сыбдырлап сыр шертіп тал – құрақ,

Сылдырлап аққандай балбұлақ.

 

Арманы алауға шарпылып,

Алысты аңсаған секілді.

Таба алмай сыңарын шарқ ұрып,

Талықсып шаршаған секілді.

 

Тапса да жүректен дәл көздеп,

Атуға батпаған секілді.

Әлемі кіршіксіз жан кез кеп,

Еріксіз тоқтаған секілді.

 

Еріксіз тоқтай қап, айрылып,

Көз жасын көлдеткен секілді.

Қападан жатқанда қайғырып,

Тәтті түс тербеткен секілді.

 

Алдынан шақырып айтар ән,

Үмітін үзбеген секілді.

Дәл қазір оянып қайтадан,

Сүйгенін іздейтін секілді.

 

Жаныңа тым жайлы тиетін,

Жүзінен тазалық лебі есер.

Өз көркін ес–түссіз сүйетін,

Нар көкірек  Нарцисстей  емес ол.

 

Адам мен Һауанадан туар ма ек,

Сезімге сәл шектеу қоя алса.

Жеміске тұрады құмар боп,

Періште жүректер оянса…

 -         Сізге өнердің қыр -  сырын  тануға не әсер етті?

-         Өнердің қыр–сырын тануға 1992 жылы Шымкентте, 1993 жылы Жезғазған қаласында, 1994 жылы Алматыда өткен  «қазақ тілі» мен «әдебиетті» пәндерінен қатысқан олимпиадалар үлкен үлесін қосты. Осы олимпиялардан І орындарды иеленіп осыдан бастап өнердің терең қырларын тани бастадым.

-         Тапсырыс бойынша өлең жазасыз ба?

-         Тапсырыс бойынша жалпы өлең жазбаймың, бірақ ұсақ – түйек өлеңдер жазам, көңіл үшін. Ал тапсырыс бойынша өлеңді айтыскерлер шығарады. Поэзияда тапсырыс бойынша өлең шығару - үлкен трагедия.

-         Артыңыздан ерген ерекше дарынды шәкірттеріңіз бар ма?

-         Әрине,біздің қаламызда  дарынды, өнерді  сүйетін жастар көп.  Соның ішінде ерекше айта кететін  шәкірттерім: Кеңесбеков Ерғанат, Қабиболдин Рауан, Асан Мирас, Қасымова  Сәруәр. Бұл балалардың әр өнер адамы сияқты поэзиясының тақырыбы – махаббат.

-         Қазіргі поэзияның өрісі қандай?

-         Өнер –адамның рухани байлығы. Ал рухани байлық төмендеп кетсе, мемлекеттің иммунитеті төмендегені, ал иммунитет төмендесе, әр тараптан келген экспансияларға төтеп бере алмаймыз. Ол қазақ ұлтының жойылуына әкеп соғады. Сондықтан қазақтын рухани азықты көтеру үшін әр қилы шаралар ұйымдастырып жатырмыз.  Қазіргі поэзия жақсы дамып келе жатыр. Алматылық, Астаналық, Көкшетаулық өнер адамдарымен жиі хабарласып түрамыз. Рухани азықты көтеру үшін қазақ тілінде мүшайраларды, айтыс,  поэзия кештерін ұйымдастырудамыз.

-                   Тілге байланысты Ел басының жолдауындағы үш тілдікке қалай  қарайсыз?

 -  Екі тілді жыланнан үш басты айдаһарға айналып барамыз. Бұл          ұлтсыздануға  әкеп соғады.

-         Балық басынан шіриді дегендей қазіргі ата-әжелеріміздің орысша сөйлеуіне не дейсіз?

-         Елдің  сөзің сөйлейтін ақсақалдарымыздың сиректігі жүрек ауыртарлық. Бір жағынан ол кісілерге сын айта алмаймыз, себебі Европалық салт сіңіп қалған сол салтан әлі шыға алмай жатырмыз.

-         Шетелдегі қандастарымыз бізден артық сөйлейді, біз өз елімізде жүріп қазақ тілін ұмытып барамыз.

-         Дұрыс айтасың, шетелдегі қандастарымыз  тағдыр тәлкегімен тарыдай шашылып кетті. Енді өзге мемлекетте тұрып қазақтың тілін, салт-дәстүрін сақтап жүр. Ал біздің мемлекетте болса, біріншіден санымыз аз, екіншіден санамызда құлдық психология әлі бар, үшіншіден екіжүзді саясат өкінішке орай осындай жағдайға  жеткізді. Ал ақындар болса «Алтын тордың ішіндегі бұлбұл» болып қалады.  Ақындар туралы өлеңімді оқып  берсем. 

 Түрлі-түсті  әлем. Ақын.

Түрлі-түсті әлемге таң қаламын,

Жанарыммен, жаныммен арбаламын.

Кемпірқосақ әуені көңілімде,

Түннен көзім аумайды, қардан арым.

 

Ақ жүрексіз туады өлең қайтіп,

Ақын өтсе, бұл елге келер қайтып.

Ақтабанның азасы болмасын деп,

Ақ көгершін ұранын әлемге айтып.

 

Абай өтті, Махамбет, Қасым өтті,

Қасиетті жол деп бұл қасіретті.

Қара ұлың хан болып қара өлеңде

Қара көздер ақынды ғашық етті.

 

Айналады тірліктің соңы күзге,

Айтпай жүр ғой дейсің де соңы бізге.

Қызыл қыршын күйдірсе қылығымен

Қызыл алау ойнайды өңімізде.

 

Ақын шалқыр (дұшпанын  жыққан Ғұнша)

Сұлулығы әлемнің сұқтандырса.

Жасыл төлі қайыңның  жүректері,

Жасыл кілем үстіне шық тамдырса.

 

Поэзия – біздердің құт – анамыз,

Кішік елміз, кішкентай кітабы – аңыз.

Сары алтынға біздерден бай адам жоқ

Сарғая да сондықтан күте аламыз.

 

Күтіп жүрсем, күнім дер осы Отаным,

Жаңбыры боп шерімді босатамын.

Қоңыр сазы Даланың іңкәр еткен

Қойдан қоңыр халықтың қошақаның.

 

Жетесіз де емеспіз, жетеді ізгі ой,

Қараулықтан көрсетпей өтеміз бой.

Көк дөненнің жармассақ жалына бір

Көк аттыға жол бермей кетеміз ғой

 

Ессіз, ерке  жүрекке ем тапшы, иә,

Ақ параққа өшпейтін зер сап, сия

Түрлі – түсті әлемге шайырың мас,

Түрлі – түсті қорапта сенсация…

-                     Студентердің  асаба болуына қалай қарайсыз?

-                     Студенттердің асаба болуы дұрыс, өз күндерін өздері көреді, бірақ оқуға көп  көңіл бөлу керек. Ертеңгі күнді тағы да ойлау керек қой. Русланның «Темір- Ғе» өлеңінен үзінді   оқып берейін:

Сыңғырлайды қалтамда темір тиын,

Болмай тұр  ау тағы да көңіл – күйім.

Теміртауда жалақы жақсы дейді

Достан қарыз сұрайын өмір қиын, - депті.

-         Кімді пір тұтасыз?

-         Мен пір тұтатын тұлға -  Мұхтар Мағауин, ол кісі тура жолдан таймай, шыңдықты жақсы көріп, өзінің позициясында тұруы, ғұмыр бойы ұлтын жырлауы, жалпы шығармашылығынан үлгі аламын. Сонымен қоса, Абайдан бастап бүкіл ірі тұлғаларға  басымды иемін.

-         Өзіңіздің  шығармашылық ортаңыз туралы айта кетсеңіз…

-         Ерлан, Руслан, Серік Сағынтай, Бағдат Мүбарак, Рахат Абдрахманов, Сәттібай Жүнісов деген азаматтармен, жалпы өнер адамдарының бәрімен  жиі араласып тұрамыз. Рухани басшымыз – Серік Ақсұңқарұлы, әнші Ерлан Төлеутай.

-         Қай кезде өлең шығарасыз?

-         Өлеңді көбінесе түнде жазамын, ал шабытым таңға жақын оянады.  (Қалжың)

-         Сіз бір кездері айтыстың төрінде көрініп едініз.

-         Мен айтысқа кезінде қатысқанмын, 1995 жылы І курста оқып жүргенде Абайдың 150 жылына орай  айтыс болды. Сол айтыстан бас жүлдені иеленгенмін. Серік Ақсұңқарұлы «Сен айтысты тандайсын ба әлде поэзияны ма?»деп сауал қойды. Мен «Айтыс пен поэзия бәрі бір өнер емес пе» деп едім. «Айтысты тандасаң поэзия өледі, ал поэзия терең, күрделі өнер» деді. Сол сәттен бастап айтысқа қатыспаймын.

-         Шетелдегі қандастарынызға айтатыңыз…

-         «Өзге елде сұлтан болғанша, өз  еліңде ұлтан бол»-деген мақал бар ғой. Ата қоныс қазағымның қаны тамған атамекенге оралуын тілеймін. Өзге мемлекетте жүріп қазақ ұлтының жалауын биіктен желбірете берсін.

-         Рахмет, алтын уақытыңызды бөлгеніңізге!

                                                            

Сұхбат жүргізген: Бақыт Нұршаш

 

 

Сәлем Әлем

Наурыз 12, 2008 by abadan7

РУСЛАН НҰРБАЙ ЖАМАНХАНҰЛЫ
 

ӘРІП ПЕН ҰҒЫМ      

Көз алдымда зымырайды елік-күн,

Елік-күнге мен қалайша еріппін?!

ЖАН деген бір үш әріп кеп ғайыптан,

ӨМІР деген төрт әріпке еніппін. 

 

Содан бері бұлдырайды сағым-күн,

Сағым күнде сабылумен жаным жүр.

АНА деген үш әріпке жаутаңдап,

БАЛА деген төрт әріпті жамылдым. 

 

Сол атауды өтіп жатқан жеңді күн,

Жеңді күнім, менің атым енді кім?!

ӘКЕ деген үш әріптен таныдым,

ДАЛА деген төрт әріптің кендігін. 

 

Жайсаң жанға шапағатын құйсын күн!

Құйсын күнім, махаббаттан күйсін мұң.

АРУ деген үш әріпті армандап,

СҰЛУ деген төрт әріпке сүйсіндім. 

 

Ақ пен қара жолдарымның жолағы,

Жолағы да уақыттың қонағы.

ДОС деген сол үш-ақ әріп кей кезде,

ТУЫС деген төрт әріптен жоғары. 

Тас төбемде жарқ еткенде жасын күн,

Жасын күнде жасағандай жасым мың.

ЖЫР деген сол үш әріпке ғашық боп,

АҚЫН деген төрт әріпке бас идім. 

 

Тістенумен кейде көзге жас алып,

Жас алумен кете алмассың жасарып.

ЖЕР деген бір үш әріпте жүрміз-ау,

ӨЛЕҢ деген төрт әріптен өш алып. 

 

Ғажап шақтың өтеріне ой салмай,

Ой сала алмай, тентектіктен тайсалмай.

АҒА деген үш әріпке жетіппіз,

АҚЫЛ деген төрт әріпті айта алмай… 

 

ТЫҚ- ТЫҚ ТІРЛІК 

Іздейтін кезде  жаным махаббат,

Мұңлы ойдан кетем құтылып.

Жүйкемді жеді-ау қабырға сағат,

Тынымсыз осы тықылы.

 

Көшеге шықсам тым аппақ өңді,

Бір жан жүр билеп бөксесі.

Тықылы тағы құлаққа  келді,

Тас  жолға тиіп өкшесі.                      

Шегі жоқ ойлар шырмалып ақыр.

Кірсем де сонау жасыл бақ,

Тірлігі үшін тырбанып жатыр,

Теректі тесіп тоқылдақ. 

 

Жанымды мұңнан аршып алып бір

Көктемнен келген жыр күттім.

Тықылдап жерге тамшы тамып тұр,

Тамырын соғып тірліктің. 

 

Үтірсіз уақыт, үркемін анық,

Тық-тықтан мынау жалықтым.

Бөлмемде жатсам бүркеніп алып,

Сол үнмен кеудем қағып тұр…Тық-тық.

 

 ҚОС  ӨЗЕНІМ

 Сара тамыр сартылдап.

Күре тамыр күрілдеп.

Жүрек содан алқынбақ,

Жыр жазамын дірілдеп. 

 

Тигр менен Ефрат,

Ортасында тарих нық.

Ал мендегі атырап,

Жүрек деген жарықтық. 

 

Екі көзде кей күндер,

Тұнып жатты сан арман.

Сейхун менен Жейхуннен,

Арал –жүрек нәр алған. 

 

Қос жанарда қалды мұң,

Далам - дидар, жуғанмын.

Тоқырауын, Талдының,

Ортасында туғанмын. 

 

Керегі жоқ дәрігер,

Тамырымды бумашы.

Қос арнамда әлі де,

Толқын өлең туласын!

 

Жүрек мықты сол шебер,

Өлең маған бақ - ғұмыр.

Не болады солса егер,

Айдын-жүрек, аққу-жыр. 

 

Сара тамыр сартылда.

Күре тамыр күрілде.

Ізім қалсын артымда,

Ғайып болған күнімде. 

 

Артерия, вена деп,

Вирус біткен тұр әне.

Жаулаймын бәрі әлек,

Мәуреннаһр мына мен!  

 

НҮКТЕ                                    

  «Бір нүктеден шықтың, сол нүктеге қайта ораласың. Бумеранг – тірлік». Ғазиз Ештанаев.

 Ғазиз аға! Жөн айтады жолдасың.

Өмір – нүкте,өлім – нүкте ол да шын.

Сәлделі ойдан сәуле күтсе кешелер,

Көп кеудеге нүкте қойған қорғасын. 

 

Күн - нүктеден көкжиекке таң атсын.

Шуақ - нұрын шартарапқа таратсын.

Бір ноқаттан мағынасы өзгерген,

Әліпбиін қарап тұрсаң арабтың. 

 

Нүкте екен ғой жолда қалған ендігі із.

Сол іздерден тауып жүрміз жемді біз.

Жаным - ынтық, жауап таппай қиналғам,

Сүйдім екен сені неге меңді қыз. 

 

Нұр - нысана ойға шабыт, құт берер.

Жалған өмір жанарыма шық келер.

Шайтан ада, өлмеу үшін үміт қой,

Өлеңімнің соңындағы нүктелер…

Бисмиллахи рахманир рахим.                            

 КІНДІК                  

«Семей даласы Евразия құрлығындағы жер кіндігі екен».

Ұлы далам көшірмесі кеңдіктің.

Ұлы бабам Абай еді ең мықтың.

Жидебай да жер кіндігі құрлықтың,

Өлшеп, пішіп бойлық пенен ендікті. 

 

Жұлдыздардың көшін көріп түндіктен,

Ұл-қыздарың өсіп-өніп кіндіктен.

Арқат ауыр дем алады сынақтан,

Жерге кіндік, елге сұмдық кім күткен?! 

 

Торғай талып, мал мәңгіріп, бақа мас,

Улы жерге жанын күткен тақамас.

Шыңғыс шаршап, дел-сал болса Дегелең,

Бойын кеңге сала да алмас Бақанас. 

 

Кімдерге жүк?!

Зағип болған шырақтардың  обалы

Керең болған құлақтардың обалы

Шаба алмаған пырақтардың обалы

Шабылмаған құрақтардың обалы

Аға алмаған бұлақтардың обалы

Шындық неге сұм ақпар боп қалады

Кіндік деген - сынақтардың алаңы. 

 

Ашық кіндік!

Нәпсіқұмар көз-күйік.

Шіріп жатыр күнәлі ой мен сөз тиіп.

Аман қалып қырық жылғы қырғыннан,

Тәубә дедік топалаңды тез тиіп. 

 

Сұлулықтан басқа жолмен бағыңды аш!

Бойыңдағы шайтан оттың шамын бас.

Түндігіңді түтін бітсе жап қазақ!

Кіндігіңді көрсетпеші қарындас… 

 

ШЫНЫ 

Өлеңдерім өмірімнен нәр алған.

Денем менің топырақтан жаралған.

Ерте, кеш пе кететіні белгілі

Қара жерге сіңеді ертең бар арман. 

 

Шыны әйнектен әлемге нұр тарайды.

Мөлдір қоршау сұлулыққа қолайлы.

Айналаға ойлана көз тастайсың,

Қимылыңды паш етуге жарайды. 

 

Ол да құм ғой,

Күннің нұрын сүйеді.

Жарық түссе жылтырайды жиегі.

Мына өмірдің мұратына мұңайған,

Мүмкін ол да марқұмдардың сүйегі. 

 

Ол да құм ғой,

Ғұмыр бітіп жер сүйді.

Жаны қайда, тәні мылқау мелшиді.

Жаңбырменен жағаласа жылайды

Іште жылу, сыртта суық тершиді. 

 

Ол да құм ғой,

Жамандық пен жақсылық.

Ол жақта жоқ тағдырдағы тапшылық.

Қабырғада айнаға кеп тұр әне

Қабырғаңнан жаралған жан қас жұлып. 

 

Амал-дәптер,

Оған қазір өлең тең.

Әйнек болып оралармын мен өлсем.

Ерте, кеш пе барамыз деп бәрібір,

Құлап жатыр менің көнбіс көлеңкем.

Менің компас көлеңкем. 

 

17 наурыз 2008 ж