Асқаров Қайрат Белгібайұлы – Қарағанды қаласының Бөкетов Евней Арыстанұлы атыңдағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінің аға оқытушысы, ақын, бірінші республикалық «Шабыт» фестивалінің, республикалық жыр мүшайраларының жүлдегері.
- Аға, ақындыққа қалай келдініз?
- Ақындық қасиет менің қанымда бар. Бала кезімде нағашыларымыздың ақыл–кеңестері, нақыл, көркем сөйлеулері және өз аталарымыздан дарыған ерекше қасиет бар деп ойлаймын. Бастауыш сыныпта оқып жүргенде ұстазым Ләззат Бәйішқызы осы қасиетке бағыт–бағдар сілтеп берді. Осылай төртінші сынып оқып жүрген кезде ақындар Дәулет Ырысбайұлы пен Қойлыбай Асанов ағаларым «Балауса» үйірмесіне кіргізіп, содан Оңғарсынова Фариза апамыздан бата алып алғашқы өлеңдерімді сахна төрінен оқи бастадым.
- Алғашқы өлеңдерініз қандай тақырыптарда жарық көрді?
- Әр ақын алғашқы қадамын махаббаттан бастап, лириканы жалғастырып, азаматтық поэзиямен аяқтайды екен. Алғашқы өлеңдерімнің бірін оқып берейін:
Қанатты періште
Жанарды арбайтын сиқырлай,
Таң нұрлы бейкүнә пішіні?
Үстелім үстінде құйтымдай,
Қанатты періште мүсіні.
Ақуыз ажарлы албырап,
Басына раушаннан тәж киіп.
Ұйқыда жатыр ол балбырап,
Беймәлім сиқырлы сазға ұйып.
Жалаңаш балғын тән гүл өпкен,
Ернінде еркелеп елесі.
Жастығы алқызыл жүректен,
Қолында махаббат жебесі.
Ұйқыда жатыр ол балбырап,
Маңайы секілді сәнді бақ.
Сыбдырлап сыр шертіп тал – құрақ,
Сылдырлап аққандай балбұлақ.
Арманы алауға шарпылып,
Алысты аңсаған секілді.
Таба алмай сыңарын шарқ ұрып,
Талықсып шаршаған секілді.
Тапса да жүректен дәл көздеп,
Атуға батпаған секілді.
Әлемі кіршіксіз жан кез кеп,
Еріксіз тоқтаған секілді.
Еріксіз тоқтай қап, айрылып,
Көз жасын көлдеткен секілді.
Қападан жатқанда қайғырып,
Тәтті түс тербеткен секілді.
Алдынан шақырып айтар ән,
Үмітін үзбеген секілді.
Дәл қазір оянып қайтадан,
Сүйгенін іздейтін секілді.
Жаныңа тым жайлы тиетін,
Жүзінен тазалық лебі есер.
Өз көркін ес–түссіз сүйетін,
Нар көкірек Нарцисстей емес ол.
Адам мен Һауанадан туар ма ек,
Сезімге сәл шектеу қоя алса.
Жеміске тұрады құмар боп,
Періште жүректер оянса…
- Сізге өнердің қыр – сырын тануға не әсер етті?
- Өнердің қыр–сырын тануға 1992 жылы Шымкентте, 1993 жылы Жезғазған қаласында, 1994 жылы Алматыда өткен «қазақ тілі» мен «әдебиетті» пәндерінен қатысқан олимпиадалар үлкен үлесін қосты. Осы олимпиялардан І орындарды иеленіп осыдан бастап өнердің терең қырларын тани бастадым.
- Тапсырыс бойынша өлең жазасыз ба?
- Тапсырыс бойынша жалпы өлең жазбаймың, бірақ ұсақ – түйек өлеңдер жазам, көңіл үшін. Ал тапсырыс бойынша өлеңді айтыскерлер шығарады. Поэзияда тапсырыс бойынша өлең шығару – үлкен трагедия.
- Артыңыздан ерген ерекше дарынды шәкірттеріңіз бар ма?
- Әрине,біздің қаламызда дарынды, өнерді сүйетін жастар көп. Соның ішінде ерекше айта кететін шәкірттерім: Кеңесбеков Ерғанат, Қабиболдин Рауан, Асан Мирас, Қасымова Сәруәр. Бұл балалардың әр өнер адамы сияқты поэзиясының тақырыбы – махаббат.
- Қазіргі поэзияның өрісі қандай?
- Өнер –адамның рухани байлығы. Ал рухани байлық төмендеп кетсе, мемлекеттің иммунитеті төмендегені, ал иммунитет төмендесе, әр тараптан келген экспансияларға төтеп бере алмаймыз. Ол қазақ ұлтының жойылуына әкеп соғады. Сондықтан қазақтын рухани азықты көтеру үшін әр қилы шаралар ұйымдастырып жатырмыз. Қазіргі поэзия жақсы дамып келе жатыр. Алматылық, Астаналық, Көкшетаулық өнер адамдарымен жиі хабарласып түрамыз. Рухани азықты көтеру үшін қазақ тілінде мүшайраларды, айтыс, поэзия кештерін ұйымдастырудамыз.
- Тілге байланысты Ел басының жолдауындағы үш тілдікке қалай қарайсыз?
- Екі тілді жыланнан үш басты айдаһарға айналып барамыз. Бұл ұлтсыздануға әкеп соғады.
- Балық басынан шіриді дегендей қазіргі ата-әжелеріміздің орысша сөйлеуіне не дейсіз?
- Елдің сөзің сөйлейтін ақсақалдарымыздың сиректігі жүрек ауыртарлық. Бір жағынан ол кісілерге сын айта алмаймыз, себебі Европалық салт сіңіп қалған сол салтан әлі шыға алмай жатырмыз.
- Шетелдегі қандастарымыз бізден артық сөйлейді, біз өз елімізде жүріп қазақ тілін ұмытып барамыз.
- Дұрыс айтасың, шетелдегі қандастарымыз тағдыр тәлкегімен тарыдай шашылып кетті. Енді өзге мемлекетте тұрып қазақтың тілін, салт-дәстүрін сақтап жүр. Ал біздің мемлекетте болса, біріншіден санымыз аз, екіншіден санамызда құлдық психология әлі бар, үшіншіден екіжүзді саясат өкінішке орай осындай жағдайға жеткізді. Ал ақындар болса «Алтын тордың ішіндегі бұлбұл» болып қалады. Ақындар туралы өлеңімді оқып берсем.
Түрлі-түсті әлем. Ақын.
Түрлі-түсті әлемге таң қаламын,
Жанарыммен, жаныммен арбаламын.
Кемпірқосақ әуені көңілімде,
Түннен көзім аумайды, қардан арым.
Ақ жүрексіз туады өлең қайтіп,
Ақын өтсе, бұл елге келер қайтып.
Ақтабанның азасы болмасын деп,
Ақ көгершін ұранын әлемге айтып.
Абай өтті, Махамбет, Қасым өтті,
Қасиетті жол деп бұл қасіретті.
Қара ұлың хан болып қара өлеңде
Қара көздер ақынды ғашық етті.
Айналады тірліктің соңы күзге,
Айтпай жүр ғой дейсің де соңы бізге.
Қызыл қыршын күйдірсе қылығымен
Қызыл алау ойнайды өңімізде.
Ақын шалқыр (дұшпанын жыққан Ғұнша)
Сұлулығы әлемнің сұқтандырса.
Жасыл төлі қайыңның жүректері,
Жасыл кілем үстіне шық тамдырса.
Поэзия – біздердің құт – анамыз,
Кішік елміз, кішкентай кітабы – аңыз.
Сары алтынға біздерден бай адам жоқ
Сарғая да сондықтан күте аламыз.
Күтіп жүрсем, күнім дер осы Отаным,
Жаңбыры боп шерімді босатамын.
Қоңыр сазы Даланың іңкәр еткен
Қойдан қоңыр халықтың қошақаның.
Жетесіз де емеспіз, жетеді ізгі ой,
Қараулықтан көрсетпей өтеміз бой.
Көк дөненнің жармассақ жалына бір
Көк аттыға жол бермей кетеміз ғой
Ессіз, ерке жүрекке ем тапшы, иә,
Ақ параққа өшпейтін зер сап, сия
Түрлі – түсті әлемге шайырың мас,
Түрлі – түсті қорапта сенсация…
- Студентердің асаба болуына қалай қарайсыз?
- Студенттердің асаба болуы дұрыс, өз күндерін өздері көреді, бірақ оқуға көп көңіл бөлу керек. Ертеңгі күнді тағы да ойлау керек қой. Русланның «Темір- Ғе» өлеңінен үзінді оқып берейін:
Сыңғырлайды қалтамда темір тиын,
Болмай тұр ау тағы да көңіл – күйім.
Теміртауда жалақы жақсы дейді
Достан қарыз сұрайын өмір қиын, – депті.
- Кімді пір тұтасыз?
- Мен пір тұтатын тұлға - Мұхтар Мағауин, ол кісі тура жолдан таймай, шыңдықты жақсы көріп, өзінің позициясында тұруы, ғұмыр бойы ұлтын жырлауы, жалпы шығармашылығынан үлгі аламын. Сонымен қоса, Абайдан бастап бүкіл ірі тұлғаларға басымды иемін.
- Өзіңіздің шығармашылық ортаңыз туралы айта кетсеңіз…
- Ерлан, Руслан, Серік Сағынтай, Бағдат Мүбарак, Рахат Абдрахманов, Сәттібай Жүнісов деген азаматтармен, жалпы өнер адамдарының бәрімен жиі араласып тұрамыз. Рухани басшымыз – Серік Ақсұңқарұлы, әнші Ерлан Төлеутай.
- Қай кезде өлең шығарасыз?
- Өлеңді көбінесе түнде жазамын, ал шабытым таңға жақын оянады. (Қалжың)
- Сіз бір кездері айтыстың төрінде көрініп едініз.
- Мен айтысқа кезінде қатысқанмын, 1995 жылы І курста оқып жүргенде Абайдың 150 жылына орай айтыс болды. Сол айтыстан бас жүлдені иеленгенмін. Серік Ақсұңқарұлы «Сен айтысты тандайсын ба әлде поэзияны ма?»деп сауал қойды. Мен «Айтыс пен поэзия бәрі бір өнер емес пе» деп едім. «Айтысты тандасаң поэзия өледі, ал поэзия терең, күрделі өнер» деді. Сол сәттен бастап айтысқа қатыспаймын.
- Шетелдегі қандастарынызға айтатыңыз…
- «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол»-деген мақал бар ғой. Ата қоныс қазағымның қаны тамған атамекенге оралуын тілеймін. Өзге мемлекетте жүріп қазақ ұлтының жалауын биіктен желбірете берсін.
- Рахмет, алтын уақытыңызды бөлгеніңізге!
Сұхбат жүргізген: Бақыт Нұршаш
Жазылған : Категориясы жоқ | Tagged: Add new tag, қазақ поэзиясы