Адамды күлдіре білу де оңай емес

Мекентайұлы Мартбек Тоқмырза 1968 жылы наурыздың 8 жұлдызында Қарағанды обылысы, Қарқаралы аудананында дүниеге келген. Балалық шағы осы өлкеде өтіп, орта мектепті де осында тамамдаған. Жастайынан мықты журналист болсам деген арманы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика бөліміне түсуіне себеп болады. 1985-1992 жылдар аралығында білім алып, осы жоғарғы оқу орнын сәтті аяқтайды. Кейін туған өңіріне қайтып келіп, жергілікті телевидениеде өз жұмысын бастайды. Көптеген игілікті жұмыстардын басы Мартбек Тоқмырзаның бастауымен болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Қазіргі таңда Академик Евней Арыстанұлы Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінде ұстаздық қызметінде атқаруда. Мартбек Мекентайұлы тек теле-радиожурналист қана емес, ол кісінің тағы бір қыры – сықақшылық. Жақында сатиралық негізде жазылған жинағы жарық көрді. Осыған байланысты ол кісімен жүздесіп, сұхбат алуды жөн санадық.
– Ағай, сіз теле-радиожурналиссіз, ұстазсыз ћәм сатириксіз. Жалпақ жұртқа жалпы өзіңізді кім деп танисыз?
– Шынын айтқанда, ең бірінші кезекте мен – адаммын…
– Ал адам дегеніміз кім болды?
– Адам дегеніміз «Кешегісін сағынатын, ертеңгісін армандайтын, ал, бүгінгісіне көңілі толмайтын – пенде». Осы сөзді айтқан ХХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХI бірінші жартысында өмір сүріп жатқан ғұлама, кім?!… Мартбек Тоқмырза! (күлді)
– Ал адамның осы жалғанда нағыз досы кім?
– Адамның бұл жалғанда айнымас, адал досы бұл – ажал!
– Өте қорқынышты екен…
– (күліп) Қорқатын түгі де жоқ. Мен неге бұлай деймін? Жалпы Алланың жаратуында адам үшін ең адал – ажал. Неге десеңіз, ажал ерте ме, кеш пе міндетті түрде келеді. Алдамайды. Басқасының бәрі алдамшы, бекер. Ал енді бұлай деп отырған себебім, адам өмірге келген сәтінен бастап ажалға қарай жүреді. Міне, осы уақыт аралығында өзінің пешенесіне жазғанын көріп, тиесілі міндеттерін атқарады. Жаңағы сіз айтып, отырған менің журналистігім, ұстаздығым, сықақшылығым – осы аралықта менің атқарып жатқан қызметім.
– Журналистиканың әр саласында еңбек еттіңіз. Осы салада қол жеткізген жетістіктеріңізді айтып кетсеңіз.
– Теле-радиожурналистика саласын игергенмін. Бірінші кезекте шынайы журналист болсам деген жастайымнан арман болды. Сол арманмен Алматыға келіп, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 1985-1992 жылдар аралығында білім алдым. Кейінірек Қарағанды қаласына келіп, Қазақстан-Қарағанды телерадиокорпорациясында 10 жылдай қызмет атқардым. Онда атқарылған іс аз болмады. «Біз жанбасақ» деген өзімнің авторлық бағдарламамды жасадым. Сол кездегі жанры ток-шоу болған жалғыз бағдарлама еді. Бұл алғашқы жетістіктің бірі болды. Онан кейін «Білгенге маржан» интеллектуалды бағдарламасын жүргіздім. «Езу тартар» атты бағдарламаны да эфирге алып шықтық. Және осы бағдарламалар желісі бойынша қаламыздағы Академик Е.А.Бөкетов атындағы университетінде курстық, дипломдық жұмыстар жазылды. Бұл да бір үлкен жетістік деп білем.
– Халық сізді тұлғалы теле-радиожурналит ретінде көп таниды. Кейінгі жылдары сатираға мойын бұрып, қазақ сатирасының өкілі де атанып жүрсіз. Өнердің осы саласына келуіңіздің өзіндік бір себептері болды ма, әлде сықақшылық қасиетіңіз туа дарыныңыз ба?
– Бұл бойымдағы бір қырым десем де болады. Кішкентай жасымнан әзілге, сықаққа жақын болдым. Адамды күлдіре білу де оңай емес. Ол үшін адамның бойында табиғи талант болуы керек. Кейінірек, байсалды әзіл-сықақ шығармалар туа бастады. Оларды қағазға түсіріп, бірнеше рет жинақ болып басылып та шықты. Сатирадағы алғашқы жетістігім ол 1999 жылы халықаралық «Шабыт» фестивалінде лауреат атанғаным болды. Соңғы жинағым осы ақпан айында жарық көрді. Бұл еңбекті аса жоғары бағалаған және де осы жинақтың алғы сөзін де жазған бәрімізге белгілі сатирик, классик Үмбетбай Уайдин болды. Жалпы алып келе жатқан бағытымыз осындай.
– Дүниеге алып келген шығармаларыңыздың ішінде жеке өз басыңыздан өткенді баяндайтыны бар ма?
– Әрине. Ол әр қаламгердің басында болатын жағдай. Мейлі ол сатирик болсын, мейлі әдебиеттің басқа саласын игерген адам болсын, әркім өзінің көрген-білгенін шығармасына арқау етеді. Менің туындыларымның бәрі болған оқиға деп айта алмаймын, бірақ кейіпкерлерімнің образдарын мен шынайы өмір сүріп жатқан адамдардан жасаймын. Яғни әр түрлі әр салада еңбек етіп жатқан адамдардың мінез-құлықтары, айналаға деген көз қарастары менің шығармаларымнан көрініс тапқандары аз емес.
– Әр қаламгердің өз туындысы оның мінездемесі десек те болады. Көп жағдайда шығармалардан автордың өмірге, қоршаған ортаға деген пікірін байқауға болады. Сіздің шығармаларыңызда да сатирикшілерге тән принцип бар. Кей кезде сізді өз алдына оппозиционер ма деп те қалам. Бір сөзбен айтқанда, саясатқа деген ой-пікіріңізді білгім келеді.
– Жалпы ұстанған бағытымыз: журналистік көз қарас, сатириктік сын болғандықтан саясатты айналып, аттап өте алмаймыз. Бұл екі мамандықтың да қоғамға, халыққа тікелей қатысы болғандықтан, саясатпен де тығыз байланысты. Шын мәнінде, биліктің сан түрлілігі менің шығармаларымның дүниеге келуіне де себеп болып жатады. Қолына қалам ұстаған әр қаламгер саясатта, билікте болып жатқан келеңсіз жағдайларға, жоғарыда отырған кейбір ағаларымыздың қисынсыз іс-әрекеттеріне көз жұмып қала алмайды. Оны бетке басып, тік айта алмаса да өзінің жазған дүниелері арқылы айқын білідіре алады. Қаламы – оның қаруы. Бұның бәрі, әрине, халықтың, елдің қамы үшін жасалатын ерлік десек артық айтқандық емес.
– Ал осының бәріне сырттай бақылау жасап, кейде өз пікірін ашық білідіретін де бұқаралық ақпарат құралдары. Қазіргі БАҚ-на қандай баға берер едіңіз? Тәуелсіздік олардың дамуына үлес қосты деп айта аласыз ба?
– Міндетті түрде! Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізуі олардың өсуіне үлкен септігін тигізді. Мен өзім кеңес заманында тәрбие алып, журналистік мамандығымды енді бастайын деп жатқанда тәуелсіз елге айналдық. Сондықтан ол кезде барлығы көз алдымда өтіп жатқандықтан, мен де олардың дамуын ғана бақылап қоймай, солармен бірге өстім. Бұл қиын жолда көптеген хас шеберлер, өз маманының нағыз іскерлері аянбай тер төкті. Оның ішінде, белгілі публицист Камал Смайылов, Мұхтар Мағауин, қазақтың «Кентавры» атанған Марат Қабанбай марқұм, Тұрсынжан Шапай, «Жас алаш» газетінің редакторлық қызметін атқарған Нұртөлеу Жүсіп, қазірге дейін өз жолынан таймаған Серік Жанболат секілді азаматтарды мақтанып айта аламыз. Әрине, бұл тізімді әрі қарай шексіз жалғастыры беруге болады. Халқының осындай бірегей ұлдары арқасында қазақ бұқаралық ақпарат құралдары кәзіргідей табанында нық тұр. Тәуелсіз ел атанғанымызға көп уақыт өткен жоқ, соған қарамастан бұл үлкен жетістік. Үлкен державалар қасында біз мүмкін көл қасындағы көлшік шығармыз, бірақ толассыз ақпарат заманында олардан кем түспейміз.
– «Журналистика – төртінші билік» деп жатамыз. Мұның шынайы мән-мағынасы қайда жатыр?
– Шын мәнінде, бұл қазіргі кірпіші қаланып, халықтың санасында қалыптасқан түсінік, пікір деуге де болады. Мен мұнымен жеке өз басым келісе алмаймын. Себебі, қазіргі таңда билік дегеніміз басқа сипат алған. Билік бар жерде, бұйрық бар, билік бар жерде нұсқау бар. Ал журналистика ол билік пен қоғам арасын байланыстырып тұрған көпір. Ол тек сырттан бақылаушы ғана, бір сөзбен айтқан нейтралды дүние.
– Сұхбатымыздың соңында қоятын сұрағым, өз ісінің нағыз маманы қандай болуы керек?
– Баршамызға танымал клоун, қазақша айтқанда, сайқымазақ – Юрий Никулинді мен өз ісінің нағыз, адал маманы деп анық айта аламын. Жоғарыда айтып өткендей, халықты күлдіре білу үлкен талант. Ол кісі цирк аренасында көп жылдар бойы еңбек етті. Кезекті бір қойылымына дайындалып жатқанда, баласы қатты ауырып, ауруханада жан сақтау бөлмесіне түседі. Сондағы ол кісінің ерлігі – баласының өлім мен өмір арасында жатқанын біле тұра, аренаға шығып, өз нөмірін орындап шығады. Бұл екінің бірінің қолынан келмейтін бастылдық екенін айтқым келеді. Осы оқиға жайында ол кісі: «Цирк залы лық толған халық еді. Оларды тастап кетуге менің арым бармады. Баламды бір құдайдың қолына тапсырдым» деп өз ісінің шынайы маман екенін осылай дәлелдеген болатын.
– Өз кезегімде, Ю.Никулин сияқты өз маманының адал шеберлері көбейе берсін дегім келеді.Көңіл бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рахмет.
Сұхбат алған Арайлым

Advertisements

Ал ақындар болса «Алтын тордың ішіндегі бұлбұл»

Асқаров Қайрат Белгібайұлы – Қарағанды қаласының Бөкетов Евней Арыстанұлы атыңдағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінің аға оқытушысы, ақын, бірінші республикалық «Шабыт» фестивалінің, республикалық жыр мүшайраларының жүлдегері.

Аға, ақындыққа қалай келдініз?

Ақындық қасиет менің қанымда бар. Бала кезімде нағашыларымыздың ақыл–кеңестері, нақыл, көркем сөйлеулері және өз аталарымыздан дарыған ерекше қасиет бар деп ойлаймын. Бастауыш сыныпта оқып жүргенде ұстазым Ләззат Бәйішқызы осы қасиетке бағыт–бағдар сілтеп берді. Осылай төртінші сынып оқып жүрген кезде ақындар Дәулет Ырысбайұлы пен Қойлыбай Асанов ағаларым «Балауса» үйірмесіне кіргізіп, содан Оңғарсынова Фариза апамыздан бата алып алғашқы өлеңдерімді сахна төрінен оқи бастадым.

Алғашқы өлеңдерініз қандай тақырыптарда жарық көрді?

Әр ақын алғашқы қадамын махаббаттан бастап, лириканы жалғастырып, азаматтық поэзиямен аяқтайды екен. Алғашқы өлеңдерімнің бірін оқып берейін:

Қанатты періште

Жанарды арбайтын сиқырлай,

Таң нұрлы бейкүнә пішіні?

Үстелім үстінде құйтымдай,

Қанатты періште мүсіні.

Ақуыз ажарлы албырап,

Басына раушаннан тәж киіп.

Ұйқыда жатыр ол балбырап,

Беймәлім сиқырлы сазға ұйып.

Жалаңаш балғын тән гүл өпкен,

Ернінде еркелеп елесі.

Жастығы алқызыл жүректен,

Қолында махаббат жебесі.

Ұйқыда жатыр ол балбырап,

Маңайы секілді сәнді бақ.

Сыбдырлап сыр шертіп тал – құрақ,

Сылдырлап аққандай балбұлақ.

Арманы алауға шарпылып,

Алысты аңсаған секілді.

Таба алмай сыңарын шарқ ұрып,

Талықсып шаршаған секілді.

Тапса да жүректен дәл көздеп,

Атуға батпаған секілді.

Әлемі кіршіксіз жан кез кеп,

Еріксіз тоқтаған секілді.

Еріксіз тоқтай қап, айрылып,

Көз жасын көлдеткен секілді.

Қападан жатқанда қайғырып,

Тәтті түс тербеткен секілді.

Алдынан шақырып айтар ән,

Үмітін үзбеген секілді.

Дәл қазір оянып қайтадан,

Сүйгенін іздейтін секілді.

Жаныңа тым жайлы тиетін,

Жүзінен тазалық лебі есер.

Өз көркін ес–түссіз сүйетін,

Нар көкірек Нарцисстей емес ол.

Адам мен Һауанадан туар ма ек,

Сезімге сәл шектеу қоя алса.

Жеміске тұрады құмар боп,

Періште жүректер оянса…

Сізге өнердің қыр – сырын тануға не әсер етті?

Өнердің қыр–сырын тануға 1992 жылы Шымкентте, 1993 жылы Жезғазған қаласында, 1994 жылы Алматыда өткен «қазақ тілі» мен «әдебиетті» пәндерінен қатысқан олимпиадалар үлкен үлесін қосты. Осы олимпиялардан І орындарды иеленіп осыдан бастап өнердің терең қырларын тани бастадым.

Тапсырыс бойынша өлең жазасыз ба?

Тапсырыс бойынша жалпы өлең жазбаймың, бірақ ұсақ – түйек өлеңдер жазам, көңіл үшін. Ал тапсырыс бойынша өлеңді айтыскерлер шығарады. Поэзияда тапсырыс бойынша өлең шығару – үлкен трагедия.

Артыңыздан ерген ерекше дарынды шәкірттеріңіз бар ма?

Әрине,біздің қаламызда дарынды, өнерді сүйетін жастар көп. Соның ішінде ерекше айта кететін шәкірттерім: Кеңесбеков Ерғанат, Қабиболдин Рауан, Асан Мирас, Қасымова Сәруәр. Бұл балалардың әр өнер адамы сияқты поэзиясының тақырыбы – махаббат.

Қазіргі поэзияның өрісі қандай?

Өнер –адамның рухани байлығы. Ал рухани байлық төмендеп кетсе, мемлекеттің иммунитеті төмендегені, ал иммунитет төмендесе, әр тараптан келген экспансияларға төтеп бере алмаймыз. Ол қазақ ұлтының жойылуына әкеп соғады. Сондықтан қазақтын рухани азықты көтеру үшін әр қилы шаралар ұйымдастырып жатырмыз. Қазіргі поэзия жақсы дамып келе жатыр. Алматылық, Астаналық, Көкшетаулық өнер адамдарымен жиі хабарласып түрамыз. Рухани азықты көтеру үшін қазақ тілінде мүшайраларды, айтыс, поэзия кештерін ұйымдастырудамыз.

Тілге байланысты Ел басының жолдауындағы үш тілдікке қалай қарайсыз?

Екі тілді жыланнан үш басты айдаһарға айналып барамыз. Бұл ұлтсыздануға әкеп соғады.

Балық басынан шіриді дегендей қазіргі ата-әжелеріміздің орысша сөйлеуіне не дейсіз?

Елдің сөзің сөйлейтін ақсақалдарымыздың сиректігі жүрек ауыртарлық. Бір жағынан ол кісілерге сын айта алмаймыз, себебі Европалық салт сіңіп қалған сол салтан әлі шыға алмай жатырмыз.

Шетелдегі қандастарымыз бізден артық сөйлейді, біз өз елімізде жүріп қазақ тілін ұмытып барамыз.

Дұрыс айтасың, шетелдегі қандастарымыз тағдыр тәлкегімен тарыдай шашылып кетті. Енді өзге мемлекетте тұрып қазақтың тілін, салт-дәстүрін сақтап жүр. Ал біздің мемлекетте болса, біріншіден санымыз аз, екіншіден санамызда құлдық психология әлі бар, үшіншіден екіжүзді саясат өкінішке орай осындай жағдайға жеткізді. Ал ақындар болса «Алтын тордың ішіндегі бұлбұл» болып қалады. Ақындар туралы өлеңімді оқып берсем.

Түрлі-түсті әлем. Ақын.

Түрлі-түсті әлемге таң қаламын,

Жанарыммен, жаныммен арбаламын.

Кемпірқосақ әуені көңілімде,

Түннен көзім аумайды, қардан арым.

Ақ жүрексіз туады өлең қайтіп,

Ақын өтсе, бұл елге келер қайтып.

Ақтабанның азасы болмасын деп,

Ақ көгершін ұранын әлемге айтып.

Абай өтті, Махамбет, Қасым өтті,

Қасиетті жол деп бұл қасіретті.

Қара ұлың хан болып қара өлеңде

Қара көздер ақынды ғашық етті.

Айналады тірліктің соңы күзге,

Айтпай жүр ғой дейсің де соңы бізге.

Қызыл қыршын күйдірсе қылығымен

Қызыл алау ойнайды өңімізде.

Ақын шалқыр (дұшпанын жыққан Ғұнша)

Сұлулығы әлемнің сұқтандырса.

Жасыл төлі қайыңның жүректері,

Жасыл кілем үстіне шық тамдырса.

Поэзия – біздердің құт – анамыз,

Кішік елміз, кішкентай кітабы – аңыз.

Сары алтынға біздерден бай адам жоқ

Сарғая да сондықтан күте аламыз.

Күтіп жүрсем, күнім дер осы Отаным,

Жаңбыры боп шерімді босатамын.

Қоңыр сазы Даланың іңкәр еткен

Қойдан қоңыр халықтың қошақаның.

Жетесіз де емеспіз, жетеді ізгі ой,

Қараулықтан көрсетпей өтеміз бой.

Көк дөненнің жармассақ жалына бір

Көк аттыға жол бермей кетеміз ғой

Ессіз, ерке жүрекке ем тапшы, иә,

Ақ параққа өшпейтін зер сап, сия

Түрлі – түсті әлемге шайырың мас,

Түрлі – түсті қорапта сенсация…

Студентердің асаба болуына қалай қарайсыз?

Студенттердің асаба болуы дұрыс, өз күндерін өздері көреді, бірақ оқуға көп көңіл бөлу керек. Ертеңгі күнді тағы да ойлау керек қой. Русланның «Темір- Ғе» өлеңінен үзінді оқып берейін:

Сыңғырлайды қалтамда темір тиын,

Болмай тұр ау тағы да көңіл – күйім.

Теміртауда жалақы жақсы дейді

Достан қарыз сұрайын өмір қиын, – депті.

Кімді пір тұтасыз?

Мен пір тұтатын тұлға – Мұхтар Мағауин, ол кісі тура жолдан таймай, шыңдықты жақсы көріп, өзінің позициясында тұруы, ғұмыр бойы ұлтын жырлауы, жалпы шығармашылығынан үлгі аламын. Сонымен қоса, Абайдан бастап бүкіл ірі тұлғаларға басымды иемін.

Өзіңіздің шығармашылық ортаңыз туралы айта кетсеңіз…

Ерлан, Руслан, Серік Сағынтай, Бағдат Мүбарак, Рахат Абдрахманов, Сәттібай Жүнісов деген азаматтармен, жалпы өнер адамдарының бәрімен жиі араласып тұрамыз. Рухани басшымыз – Серік Ақсұңқарұлы, әнші Ерлан Төлеутай.

Қай кезде өлең шығарасыз?

Өлеңді көбінесе түнде жазамын, ал шабытым таңға жақын оянады. (Қалжың)

Сіз бір кездері айтыстың төрінде көрініп едініз.

Мен айтысқа кезінде қатысқанмын, 1995 жылы І курста оқып жүргенде Абайдың 150 жылына орай айтыс болды. Сол айтыстан бас жүлдені иеленгенмін. Серік Ақсұңқарұлы «Сен айтысты тандайсын ба әлде поэзияны ма?»деп сауал қойды. Мен «Айтыс пен поэзия бәрі бір өнер емес пе» деп едім. «Айтысты тандасаң поэзия өледі, ал поэзия терең, күрделі өнер» деді. Сол сәттен бастап айтысқа қатыспаймын.

Шетелдегі қандастарынызға айтатыңыз…

«Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол»-деген мақал бар ғой. Ата қоныс қазағымның қаны тамған атамекенге оралуын тілеймін. Өзге мемлекетте жүріп қазақ ұлтының жалауын биіктен желбірете берсін.

Рахмет, алтын уақытыңызды бөлгеніңізге!

Сұхбат жүргізген: Бақыт Нұршаш

Сәлем Әлем

РУСЛАН НҰРБАЙ ЖАМАНХАНҰЛЫ
 

ӘРІП ПЕН ҰҒЫМ      

Көз алдымда зымырайды елік-күн,

Елік-күнге мен қалайша еріппін?!

ЖАН деген бір үш әріп кеп ғайыптан,

ӨМІР деген төрт әріпке еніппін. 

 

Содан бері бұлдырайды сағым-күн,

Сағым күнде сабылумен жаным жүр.

АНА деген үш әріпке жаутаңдап,

БАЛА деген төрт әріпті жамылдым. 

 

Сол атауды өтіп жатқан жеңді күн,

Жеңді күнім, менің атым енді кім?!

ӘКЕ деген үш әріптен таныдым,

ДАЛА деген төрт әріптің кендігін. 

 

Жайсаң жанға шапағатын құйсын күн!

Құйсын күнім, махаббаттан күйсін мұң.

АРУ деген үш әріпті армандап,

СҰЛУ деген төрт әріпке сүйсіндім. 

 

Ақ пен қара жолдарымның жолағы,

Жолағы да уақыттың қонағы.

ДОС деген сол үш-ақ әріп кей кезде,

ТУЫС деген төрт әріптен жоғары. 

Тас төбемде жарқ еткенде жасын күн,

Жасын күнде жасағандай жасым мың.

ЖЫР деген сол үш әріпке ғашық боп,

АҚЫН деген төрт әріпке бас идім. 

 

Тістенумен кейде көзге жас алып,

Жас алумен кете алмассың жасарып.

ЖЕР деген бір үш әріпте жүрміз-ау,

ӨЛЕҢ деген төрт әріптен өш алып. 

 

Ғажап шақтың өтеріне ой салмай,

Ой сала алмай, тентектіктен тайсалмай.

АҒА деген үш әріпке жетіппіз,

АҚЫЛ деген төрт әріпті айта алмай… 

 

ТЫҚ- ТЫҚ ТІРЛІК 

Іздейтін кезде  жаным махаббат,

Мұңлы ойдан кетем құтылып.

Жүйкемді жеді-ау қабырға сағат,

Тынымсыз осы тықылы.

 

Көшеге шықсам тым аппақ өңді,

Бір жан жүр билеп бөксесі.

Тықылы тағы құлаққа  келді,

Тас  жолға тиіп өкшесі.                      

Шегі жоқ ойлар шырмалып ақыр.

Кірсем де сонау жасыл бақ,

Тірлігі үшін тырбанып жатыр,

Теректі тесіп тоқылдақ. 

 

Жанымды мұңнан аршып алып бір

Көктемнен келген жыр күттім.

Тықылдап жерге тамшы тамып тұр,

Тамырын соғып тірліктің. 

 

Үтірсіз уақыт, үркемін анық,

Тық-тықтан мынау жалықтым.

Бөлмемде жатсам бүркеніп алып,

Сол үнмен кеудем қағып тұр…Тық-тық.

 

 ҚОС  ӨЗЕНІМ

 Сара тамыр сартылдап.

Күре тамыр күрілдеп.

Жүрек содан алқынбақ,

Жыр жазамын дірілдеп. 

 

Тигр менен Ефрат,

Ортасында тарих нық.

Ал мендегі атырап,

Жүрек деген жарықтық. 

 

Екі көзде кей күндер,

Тұнып жатты сан арман.

Сейхун менен Жейхуннен,

Арал –жүрек нәр алған. 

 

Қос жанарда қалды мұң,

Далам – дидар, жуғанмын.

Тоқырауын, Талдының,

Ортасында туғанмын. 

 

Керегі жоқ дәрігер,

Тамырымды бумашы.

Қос арнамда әлі де,

Толқын өлең туласын!

 

Жүрек мықты сол шебер,

Өлең маған бақ – ғұмыр.

Не болады солса егер,

Айдын-жүрек, аққу-жыр. 

 

Сара тамыр сартылда.

Күре тамыр күрілде.

Ізім қалсын артымда,

Ғайып болған күнімде. 

 

Артерия, вена деп,

Вирус біткен тұр әне.

Жаулаймын бәрі әлек,

Мәуреннаһр мына мен!  

 

НҮКТЕ                                    

  «Бір нүктеден шықтың, сол нүктеге қайта ораласың. Бумеранг – тірлік». Ғазиз Ештанаев.

 Ғазиз аға! Жөн айтады жолдасың.

Өмір – нүкте,өлім – нүкте ол да шын.

Сәлделі ойдан сәуле күтсе кешелер,

Көп кеудеге нүкте қойған қорғасын. 

 

Күн – нүктеден көкжиекке таң атсын.

Шуақ – нұрын шартарапқа таратсын.

Бір ноқаттан мағынасы өзгерген,

Әліпбиін қарап тұрсаң арабтың. 

 

Нүкте екен ғой жолда қалған ендігі із.

Сол іздерден тауып жүрміз жемді біз.

Жаным – ынтық, жауап таппай қиналғам,

Сүйдім екен сені неге меңді қыз. 

 

Нұр – нысана ойға шабыт, құт берер.

Жалған өмір жанарыма шық келер.

Шайтан ада, өлмеу үшін үміт қой,

Өлеңімнің соңындағы нүктелер…

Бисмиллахи рахманир рахим.                            

 КІНДІК                  

«Семей даласы Евразия құрлығындағы жер кіндігі екен».

Ұлы далам көшірмесі кеңдіктің.

Ұлы бабам Абай еді ең мықтың.

Жидебай да жер кіндігі құрлықтың,

Өлшеп, пішіп бойлық пенен ендікті. 

 

Жұлдыздардың көшін көріп түндіктен,

Ұл-қыздарың өсіп-өніп кіндіктен.

Арқат ауыр дем алады сынақтан,

Жерге кіндік, елге сұмдық кім күткен?! 

 

Торғай талып, мал мәңгіріп, бақа мас,

Улы жерге жанын күткен тақамас.

Шыңғыс шаршап, дел-сал болса Дегелең,

Бойын кеңге сала да алмас Бақанас. 

 

Кімдерге жүк?!

Зағип болған шырақтардың  обалы

Керең болған құлақтардың обалы

Шаба алмаған пырақтардың обалы

Шабылмаған құрақтардың обалы

Аға алмаған бұлақтардың обалы

Шындық неге сұм ақпар боп қалады

Кіндік деген – сынақтардың алаңы. 

 

Ашық кіндік!

Нәпсіқұмар көз-күйік.

Шіріп жатыр күнәлі ой мен сөз тиіп.

Аман қалып қырық жылғы қырғыннан,

Тәубә дедік топалаңды тез тиіп. 

 

Сұлулықтан басқа жолмен бағыңды аш!

Бойыңдағы шайтан оттың шамын бас.

Түндігіңді түтін бітсе жап қазақ!

Кіндігіңді көрсетпеші қарындас… 

 

ШЫНЫ 

Өлеңдерім өмірімнен нәр алған.

Денем менің топырақтан жаралған.

Ерте, кеш пе кететіні белгілі

Қара жерге сіңеді ертең бар арман. 

 

Шыны әйнектен әлемге нұр тарайды.

Мөлдір қоршау сұлулыққа қолайлы.

Айналаға ойлана көз тастайсың,

Қимылыңды паш етуге жарайды. 

 

Ол да құм ғой,

Күннің нұрын сүйеді.

Жарық түссе жылтырайды жиегі.

Мына өмірдің мұратына мұңайған,

Мүмкін ол да марқұмдардың сүйегі. 

 

Ол да құм ғой,

Ғұмыр бітіп жер сүйді.

Жаны қайда, тәні мылқау мелшиді.

Жаңбырменен жағаласа жылайды

Іште жылу, сыртта суық тершиді. 

 

Ол да құм ғой,

Жамандық пен жақсылық.

Ол жақта жоқ тағдырдағы тапшылық.

Қабырғада айнаға кеп тұр әне

Қабырғаңнан жаралған жан қас жұлып. 

 

Амал-дәптер,

Оған қазір өлең тең.

Әйнек болып оралармын мен өлсем.

Ерте, кеш пе барамыз деп бәрібір,

Құлап жатыр менің көнбіс көлеңкем.

Менің компас көлеңкем. 

 

17 наурыз 2008 ж